Алматы қаласында Солтүстік айналма тасжолы бойында орналасқан қоймада ірі өрт тіркелді. Бұл туралы Sona.kz ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Ведомство мәліметінше, өрт туралы хабар түнгі уақытта түскен. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде қойма ғимаратында ашық жану анықталған. Қиын жағдайға байланысты өрт сөндіру жұмыстары жоғары деңгейдегі шақырту бойынша жүргізілді.
Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылды. Өртті сөндіруге 85 қызметкер мен 22 техника бірлігі жұмылдырылды. Үш жауынгерлік учаске ұйымдастырылып, өрт сөндіру оқпандары пайдаланылды, автоцистерналар өрт гидранттарына қосылды. Сондай-ақ ТЖМ автопоезы қолданылды.
Министрліктің хабарлауынша, өртті сөндіру ғимараттың құрылымдық ерекшеліктері мен жоғары жану жүктемесіне байланысты күрделене түскен.
Сағат 02:15-те өрттің оқшауланғаны хабарланды. Құтқарушылардың жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында оттың көршілес ғимараттарға таралуына жол берілмеді.
Сағат 07:05-те өрт толықтай сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы 1,9 мың шаршы метрді құрады.
Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Өрттің шығу себептері анықталуда.









