Алматы қаласында бұрынғы қаржы полициясының қызметкерлері — Кенжебай Жұмабеков пен Дәурен Есімбеков азаптау дерегі бойынша кінәлі деп танылып, сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Сот процесі Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық түрде өтті.
Ресми мәліметке сәйкес, сотталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің (1997 жылғы редакциясы) 141-1-бабы 2-бөлігінің «А, Б» тармақтарында көзделген «Алдын ала сөз байласқан адамдар тобының қайталап азаптауы» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
? Жаза шарасы:
•Кенжебай Жұмабеков — 6 жылға,
•Дәурен Есімбеков — 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, екеуі де 3 жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Соттың хабарлауынша, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Қылмыстық іс бойынша жәбірленушілердің нақты саны жарияланбай отыр — себебі материалдарда мемлекеттік және өзге де құпия ақпарат бар.
БАҚ дерегінше, тергеу ісі «Хоргос» кеден бекетінің бұрынғы брокерлері — Руслан Сыдыков, Нұрлан Сарымбетов және Нұрбек Мұратбековке қатысты жүргізілген, ал айыпталушылар оларды тергеу кезінде азаптаған болуы мүмкін.
⚖️ Бұл іс қоғам назарын аударды, себебі сотталушылар кезінде Қайрат Қожамжаров басшылық еткен қаржы полициясы жүйесінде жұмыс істеген.
Еске сала кетсек, Алматыда бұған дейін «Дикий Арман» атымен белгілі Арман Жұмагелдиевке қатысты 20 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шыққан іс бойынша апелляциялық процесс өтіп жатыр.









