Алматыда алаяқтар қолданатын “Sim-box” жабдығы тәркіленді. Құқық қорғаушылар 18 жастағы Ресей азаматына қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Sona.kz Nur.kz сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, жабдық Бәйтереков көшесіндегі пәтерден табылған. Тінту кезінде “Sim-box”, қазақстандық байланыс операторларының 300-ден астам SIM-картасы және өзге де техникалық құралдар алынды.
“Sim-box” құрылғылары телефон нөмірлерін ауыстыру, жаппай қоңырау шалу және хабарлама тарату үшін қылмыстық мақсатта қолданылады.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 213-бабы (“Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Бас прокуратураның дерегінше, биыл Алматыда осындай жеті іс сотқа жолданып, төртеуінде үкім шыққан.
Құқық қорғаушылар азаматтарды банк картасы деректері мен кіру кодтарын бөгде адамдарға бермеуге шақырады.









