Алматы қаласында Jan Production киностудиясының айналасында туындаған ірі дау бойынша ресми тергеу амалдары басталды. Әлеуметтік желідегі «нағыз Голливуд» атмосферасы мен қызыл кілемде жүру туралы уәделерге сенген ата-аналар балаларын киноға түсіру үшін 1,5 миллион теңге көлемінде жарна төлеген. Алайда уәде етілген түсірілім процесі бірнеше рет кейінге шегеріліп, соңында жобаның тоқтатылғаны туралы хабарланған.
Қазіргі уақытта зардап шеккендердің жалпы чатында 4 мыңнан астам адам жиналған, ал олардың есебінше, келтірілген шығын көлемі 6 миллиард теңгеден асып жығылуы мүмкін.
Жарнамалық кампанияның басты тұлғасы болған танымал актер Жан Байжанбаев бұл іске қатысты өз ұстанымын білдірді. Ол компанияның иесі немесе қожайыны емес екенін, тек шақыртылған актер ретінде жұмыс істегенін мәлімдеді. Студия атауының оның есімімен байланысты болуын ол басшылықтың оның шығармашылығына деген құрметімен түсіндірді.
Өз кезегінде компания жетекшісі Ержан Едгебаев жағдайды уақытша қаржылық қиындықтармен байланыстырып, не жобаны аяқтауға, не қаражатты қайтаруға уәде беріп отыр.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу процедуралары, соның ішінде басшылық пен қызметкерлерден жауап алу процесі жүріп жатыр.









