Ақмола облысының 71 жастағы тұрғыны күштi әсер ететiн «Трамадол» препараты үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sona.kz облыстық Halyqstan-ға сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, әйел дәріні жалған рецепт арқылы дәріханалардан сатып алып отырған. Бұған дейін ол еш жерде есепте тұрмаған. Айтуынша, аталған дәрі бастапқыда онкологиялық аурудан зардап шеккен жұбайына жазылыпты. Кейін өзі аяғын сындырып, ауырсынуды басу үшін «Трамадол» қабылдай бастаған. Уақыт өте келе тәуелділік пайда болған.
Аталған дерек бойынша ҚК 296-бабының 2-бөлігі («Есірткі заттарын заңсыз сақтау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама тағайындалып, істің барлық мән-жайы анықталуда.
Сонымен қатар «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында фармацевтикалық қызмет саласында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Онын аптекада дәрілерді рецептсіз беру фактісі тіркеліп, фармацевтерге әкімшілік хаттама жасалды.
Операция барысында заңсыз айналымға түсуі мүмкін 7,5 келі есірткі затының жолы кесілді. 92 құты және 90 таблетка күштi әсер ететiн дәрі-дәрмек, 107 таблетка мен ампула рецептуралық препараттар, сондай-ақ 27 тонна күкірт қышқылы тәркіленді.









