Ақмола облысындағы қайғылы жағдай 19 жастағы қыздарының көз алдында болған. Оқиғаның қалай болғанын біздің тілшімізге Арнасай ауылдық округінің әкімі Болатбек Байсағанов мәлім етті. Әкімнің сөзінше, бір отбасының 5 мүшесі суға шомылуға келген. Бірақ, 23 жастағы қыздары суға батып, оған 24 жастағы ағасы көмекке жүгірген. Артынша әкесі мен шешесі барған. Өкінішке орай бірін-бірі құтқармақ болған отбасы суға батып кетті.
«Әкесі ғана малту біледі екен. Қалғандары білмеген. Бұл қайғылы жағдайдан 19 жастағы қыздары ғана аман қалды. Барлық оқиға оның көз алдында болды. Бір отбасының 4 бірдей мүшесі суға батқан жер Астана су қоймасы деп аталады. Бұл жерге суға түсуге болмайды. Жиі ескерту жасалып, рейд жүргізіледі. Бірақ, халық ескертуді елемейді», — деді Болатбек Байсағанов.
Астана су қоймасы Астана қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан.
Естеріңізге сала кетейік, 5 тамыз күні отбасының 4 бірдей мүшесі суға батып, көз жұмды. Олардың мүрделері табылды. Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға шомылуға рұқсат етілмеген жерге түспеуді ескертеді. Бұл адам өмірі үшін қауіпті. Сондықтан, демалыс барысында барынша абай болып, сақтық шараларын сақтауға шақырады.
Айта кетейік, биыл 1 маусымнан бастап 122 адам суға батып, көз жұмған. Оның 44-і бала.