Ақтау қаласының 28-шағын ауданында төтенше жағдай орын алды. Бүгін, 16 наурыз күні сағат 16:00 шамасында №35 үйдің төртінші қабатындағы пәтердің терезесінен әйел адам құлап кеткен.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті зардап шеккен тұлғаның жеке басы анықталғанын хабарлады. Ол 34 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Оқиға кезінде пәтерде одан бөлек ешкім болмаған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, әйел адам эпилепсия ауруымен есепте тұрған. Құлау себептерінің бірі ретінде денсаулық жағдайының кенет нашарлауы қарастырылуда. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.
Құлағаннан кейін әйел адам аман қалды. Ол шұғыл түрде облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер зардап шегушіге қажетті медициналық көмек көрсетуде, жағдайы бақылауға алынған.
Тәртіп сақшылары аталған факті бойынша тиісті тексеру амалдарын жүргізуде. Куәгерлерден жауап алынып, сот-медициналық сараптамалар тағайындалуы мүмкін.









