Ақтау қаласында дәрігерлер бес жастағы баланың асқазанынан 50 теңгелік тиынды алып шықты. Операция Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасында жүргізілді, деп хабарлайды Sona.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Дәрігер-эндоскопист Роллан Елеусиновтің айтуынша, 21 ақпанда ата-анасы үш күн бұрын тиын жұтып қойған баласын ауруханаға жеткізген. Рентгендік тексеру барысында бөгде заттың асқазанда екені анықталған.
Дәрігерлер тиынды эндоскопиялық әдіспен алып тастады. Операция асқынусыз өтті, баланың жағдайы тұрақты деп бағаланды.
Анестезиологтар мен мейірбикелердің үйлесімді жұмысының арқасында эндоскопистер Роллан Елеусинов пен Нұржігіт Жансұлтан бөгде затты дер кезінде анықтап, алып тастаған.
Дәрігерлер соңғы уақытта балалардың тыныс жолдары мен асқазан-ішек жолына бөгде заттардың түсу жағдайлары жиілегенін атап өтті. Мамандар ата-аналарды балалардың қандай заттармен ойнайтынын қадағалауға және тыныс алуы қиындаған жағдайда шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінуге шақырады.
Бұған дейін осы ауруханада сегіз жастағы баланың өкпесінен қалам қақпағы алынған болатын. Медиктер уақытылы көмек көрсету асқынулардың алдын алатынын ескертеді.









