Ақтау қаласының 28-шағын ауданындағы көпқабатты үйдің терезесінен құлаған әйелдің денсаулық жағдайы туралы жаңа мәліметтер белгілі болды. Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері зардап шегушінің жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.
Медициналық тексеру нәтижесінде 34 жастағы әйелге келесідей диагноздар қойылды:
Біріккен жарақаттар және травматикалық шок;
Екі жақты гемопневмоторакс (өкпе қуысына қан мен ауаның жиналуы);
Ортаңғы бөлігіндегі сан сүйегінің ашық сынығы.
Қазіргі уақытта пациент жансақтау бөлімінде жатыр және өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратына қосылған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті шараларды жасауда.
Еске сала кетейік, оқиға 16 наурыз күні сағат 16:00 шамасында болған. Төртінші қабаттан құлаған әйелдің эпилепсия дертімен есепте тұрғаны бұған дейін хабарланған болатын. Полиция оқиғаның мән-жайын тексеруді жалғастырып жатыр.









