Ақтөбеде 30 қарашада үйінен шығып, моншаға барамын деп кеткен 16 жастағы Ислам Төрегелінің денесі Ілек өзенінен табылды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті хабарлады. Жасөспірім түскі уақытта СШ №31-дің 10-сынып оқушысы «Ернұр» моншасына досына көмектесу үшін бара жатқанын айтқан, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.
Ол сол күні үйіне оралмағандықтан, ата-анасы полицияға жүгініп, іздеу шаралары басталған. Іздеу жұмыстары барысында өзен маңынан жасөспірімнің ұялы телефоны және 27 жастағы ер адамның телефоны табылған.
1 желтоқсанда құтқарушылар Исламның денесін, ал 2 желтоқсанда шамамен 30 метр қашықтықтан екінші ер адамның денесін тапты. Полиция мәліметінше, екеуінен де «зорлық белгілері табылмаған».
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сараптамалар тағайындалып, олардың өлімінің себептері зерттелуде.









