22 сәуір мен 7 мамыр аралығында сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін Астана қаласының әуе кеңістігінде уақытша қозғалыс шектеледі. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі мәлім етті.
− Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес елордада 2025 жылғы 22 сәуір мен 7 мамыр аралығында сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін әскери парадты дайындауға және өткізуге байланысты әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшуларын орындау үшін Астана қаласының әуе кеңістігін пайдалануға қысқа мерзімді шектеулер енгізіледі, − деп хабарлады ведомстводан.
Осыған байланысты жолаушылар сапарын жоспарлау кезінде аталған шектеулерді ескеріп, әуе компания мен әуежайдағы ақпарат қызметтерінен рейс күйін тексеруді өтінді.