Астанада клиникалардың бірінде жұмыс істейтін дәрігерге сот үкімі шықты. Ол азаматтарға мүгедектік рәсімдеуге көмектесемін деп уәде беріп, алты науқасты алдаған, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz дерегіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, медицина қызметкері мұндай ұсыныстарды жұмыс орнында жасаған, алайда оған мұндай қызметпен айналысуға ешқандай өкілеттік берілмеген. Ол пациенттерден 4 миллион теңгеден астам қаражат алып, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Прокуратура ұсынған дәлелдер толық расталған соң, сот айыпталушыны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын толығымен өтелді. Үкім заңды күшіне енді.









