Елордада көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына бөлінген бюджет қаражатын иемдену және ысырап ету дерегі бойынша «Дорстройтрест» ЖШС директоры сот үкімімен кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Sona.kz Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен «Дорстройтрест» ЖШС арасында инвестициялық келісім жасалып, мердігерге 2,6 млрд теңге аванс аударылған.
Алайда құрылыс жұмыстары мерзімінде аяқталмаған, ал қаражаттың бір бөлігі қарыздарды өтеуге және автокөлік сатып алуға жұмсалған. Сонымен қатар, 650 млн теңге жалған келісімшарттар арқылы басқа компаниялардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сот үкімімен компания басшысы Нұрабайев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 131 млн теңге көлеміндегі мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Айта кетейік, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры халықаралық іздеуде.









