Астанада бүгін, 29 қыркүйектен бастап LRT пойыздары сынақ режимінде қозғалысын бастады, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Алғашқы кезеңде пойыздар 10 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Машинистсіз жүретін көлік жүйесі рельстерді, станцияларды, байланыс желілерін, жылжымалы құрамды, қауіпсіздік және басқару жүйелерін кешенді тексеруден өткізбек.
Жүйе толық автоматтандырылған GoA4 басқару кешенімен жабдықталған. Ол пойыздың қозғалысын, тоқтауын, есіктерді ашу-жабуын және деподан шығу-кіруін операторсыз атқарады. Мұндай технология Сингапур, Дубай және Қытайда қолданылып жүр.
— «GoA4 — рельсті көлікті автоматтандырудың ең жоғары деңгейі. Бұл жүйе тиімділік пен қауіпсіздікті арттырады. Осындай заманауи стандарт енді Астанада да енгізіледі», – деді «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.
Сынақ кемінде алты айға созылады. Алғашқыда пойыздар №112-113 станциялары арасында жүрсе, кейін жылдамдық пен маршрут аймақтары кезең-кезеңімен кеңейтіледі.
LRT пойызының операторы Айдар Надырбеков:
-«Біз 7 айлық дайындықтан өттік. Теориялық білімді Астанада, ал тәжірибені Қытайда жетілдірдік. Бұл білім болашақта жолаушылар қауіпсіздігі үшін аса қажет», — деді.
Қауіпсіздік мақсатында эстакада мен жол желісіне кіруге қатаң тыйым салынады, себебі байланыс желісінде 750 вольт жоғары кернеу бар.









