Астанада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды алдын алу мақсатында полиция дрондарды белсенді пайдалана бастады. Қалалық Полиция департаментінің ресми хабарлауынша, бұл шара заманауи технологияларды қолдану арқылы қаланы тұрғындар мен қонақтар үшін қауіпсіз әрі жайлы етуге бағытталған, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, қауіпсіздікті бақылау жұмысы полицияның Жедел басқару орталығында ұйымдастырылған. Қаладағы ахуал тәулік бойы, 24/7 режимінде қадағаланады. Мониторингке көше бейнекамералары, смарт-жетондар, автопатрульдерге орнатылған камералар және ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылған.
Дрондар арқылы:
•көлік ағындары бақыланады;
•жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы тіркеледі;
•мемлекеттік тіркеу нөмірлері анықталып, деректер іздеу базасымен салыстырылады;
•кейбір патрульдер бара алмайтын жерлерде де құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар, дрондарға орнатылған дауыстар арқылы полиция қызметкерлері азаматтарға ескерту жасай алады, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады және профилактикалық жұмыс жүргізеді.
Мысалы:
•Гёте көшесінде 36 жастағы ер адам жолды рұқсат етілмеген жерден қиып өткен. Оның үстінен ҚР ӘҚБтК 615-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
•Біржан сал көшесінде «Kia» маркалы көліктің жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпай басқарғаны анықталды, ҚР ӘҚБтК 593-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама рәсімделді.
•Қалалық зират аумағында 44 жастағы азамат қоқыс салынған пакетті белгіленбеген жерге тастағаны тіркелді.
•Гёте көшесінде жас жігіт шылым шегіп, темекі қалдығын жерге лақтырған. Екі дерек бойынша да «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Дрондар мәдени және спорттық бұқаралық іс-шаралар кезінде де қолданылады. Олардың түсірген бейнелері Жедел басқару орталығына онлайн режимде жеткізіліп, қоғамдық тәртіптің сақталуы нақты уақыт режимінде бақыланады.
Полиция департаменті атап өткендей, заманауи технологияларды енгізу елордадағы құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттырып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді.
Орысша аудар