Астана қаласының «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде орын алған қайғылы өрт салдарынан үш бала қаза тауып, олардың анасы ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен әйел қазіргі уақытта №1 көпбейінді қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр. Оқиға орнында жедел жәрдемнің үш бригадасы жұмыс істеп, өрттен аман қалған жалғыз адамға алғашқы көмек көрсеткен болатын.
Төтенше жағдайлар департаменті өртті сөндіру кезінде құтқарушылардың үлкен кедергілерге тап болғанын хабарлады. Тұрғын үй ауласына кіреберістің темір қақпамен жабық болуы және ауланың жеке көліктерге толып қалуы өрт сөндіру техникасының уақытында жетуіне қиындық тудырған. 15-қабаттағы пәтердің есігі жабық болғандықтан, өрт сөндірушілер оны арнайы құралдармен бұзып кіруге мәжбүр болған. Пәтер ішінен үш баланың жансыз денесі табылды. Сонымен қатар жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, 40-қа жуық тұрғын ғимаратты өз бетімен тастап шыққан. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр және тиісті сараптамалар тағайындалды.









