3 қаңтарда Астана – Щучинск тасжолында болған жаппай жол апатына қатысты тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта сот процесі жүріп жатыр.
«Тергеу жалғасып жатыр, әзірге кінәлілер анықталған жоқ. Кейбір жүргізушілердің жылдамдықты асырғаны камераға түскен. Бірақ жол қызметтері мен полиция тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданған», – деді Иманашев.
Сондай-ақ ол Алматы – Қонаев тасжолындағы 17 көлік соқтығысқан жол апатына да пікір білдірді. Ол жерде тұман болған, жылдамдықты шектеу енгізілген.
«Ол жерде де жүргізушілер жылдамдықты асырған. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Компанияға әзірге ешқандай талап-арыз түскен жоқ», – деді ол.
Айта кетейік, 3 қаңтарда Ақмола облысында 95 көлік соқтығысып, 20 адам зардап шекті. Олардың сегізі – бала.