Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жуманованың өліміне қатысты алдын ала сот отырысы өтті. Әйел адам қатыгез соққыдан кейін көз жұмған. Оның өліміне 33 жастағы күйеуі айыпталып отыр. Бұл туралы сот материалдарында айтылды, деп хабарлайды Sona.kz Jagdai-ға сілтеме жасап.
Тергеу нұсқасына сәйкес, оқиға 22 маусымда болған. Күйеуі телефондағы әңгімеге бола Айзатқа қызғаныш танытып, оның телефонын сындырған және аяусыз ұрған. Алған жарақаттары өлімге әкелген. Бастапқыда іс «денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қаралса, қоғамдағы резонанстан кейін ол қайта сараланып, қатаңдау бапқа ауыстырылды.
Мемлекеттік айыптаушы Нұрлан Билібеков сотталушыға Қылмыстық кодекстің 99 бабы «Кісі өлтіру» бойынша айып тақты. Бұл бап 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Марқұмның туыстары Айзаттың «аса қаталдықпен» соққыға жығылғанын және бұл жағдай кішкентай қызының көз алдында болғанын айтады. Олардың сөзінше, әйелдің денесінде сүйретудің іздері болған.
Ал сотталушы өз кінәсін мойындамайды. Оның айтуынша, әйелі «селфи жасап жатып терезеден құлап кеткен». Тергеу мұндай нұсқаны күмәнді деп санайды.
Отырыстың өзі ашық өткенмен, журналистерге сотталушыны түсіруге тыйым салынды. Негізгі сот тыңдауы 5 желтоқсанда өтеді. Ер адам СИЗОда қамауда қалды.








