Жетісу облысының Панфилов ауданында «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында «E-Bakylau» инновациялық жүйесі енгізілді. Қосымшаның мақсаты кәмелетке толмағандардың құқығына төнетін қауіптерді ерте кезеңде анықтап, дер кезінде шара қолдану, деп хабарлайды Sona.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Прокуратураның мәліметінше, жүйе педагогтарға әлеуметтік осал отбасылардағы балалардың мектептегі күнделікті бейімделу көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді. Баланың мінез-құлқындағы ең ұсақ өзгерістердің өзі тіркеліп, ықтимал қауіп туралы белгі ретінде қарастырылады.
Жүйе арқылы түскен ақпарат бірден прокуратураға, қамқоршылық органдарына, полиция мен психолог мамандарға жолданады. Бұл мобильді топтың жедел әрекет етуін және балаға уақытылы көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Оқу жылы басталғалы бері «E-Bakylau» арқылы 10 хабарлама тіркелген. Әрбір жағдай бойынша мамандар дер кезінде профилактикалық жұмыс жүргізді.
Прокуратура жүйенің жазалау емес, алдын алу мақсатын көздейтінін, балаларға қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Балалардың құқықтарын қорғау және ерте көмек көрсету тетіктерін дамыту жұмысы жалғасады.









