Агентство по финансовому мониторингу Батыс Қазақстан облысы департаменті автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады. Іс материалдары сотқа жіберілді.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың наурыз айында Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Сапак» өндірістік кооперативі арасында Жымпиты ауылындағы жолдарды жөндеу жөнінде 259 млн теңгеге келісімшарт жасалған.
Тергеушілердің айтуынша, «Сапак» кооперативінің директоры субмердігер ұйым – «Ак-Би» ЖШС басшысымен сөз байласқан. Схема бойынша орындалмаған немесе толық орындалмаған жұмыстарға қатысты жалған актілер рәсімделген. Актілерде асфальт төсеу, жер және бетон жұмыстары, коммуникация жүргізу сияқты жұмыстар көрсетілген, алайда олар іс жүзінде орындалмаған.
Жалған актілер негізінде тапсырыс беруші бюджет қаражатын мердігердің шотына аударған. Кейін бұл қаражат қатысушылар арасында бөлінгені анықталды. Мемлекетке 56,5 млн теңге көлемінде залал келтірілген.
Сот шешімімен күдіктілердің бірінің пәтеріне тыйым салынды. Фигуранттарға елден шықпау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Іс сот қарауына жіберілді.
Бұған дейін Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деп танылып, сот үкімі күшіне енген.
Ведомство өкілдері тергеу бюджет қаражатын қорғау және мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету аясында жүргізілгенін атап өтті. Өзге ақпарат заң талаптарына сәйкес жария етілмейді.









