Павлодарда екі баласын терезеден лақтырып, артынша өзі де секірген әйел ауруханадан шығарылды. Бұл туралы қаладағы №1 қалалық аурухананың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Дәрігерлердің айтуынша, науқасқа бірнеше ота жасалған: екі өкше сүйегіне, сол және оң иық сүйектеріне остеосинтез жасалды. Қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда.
Еске салайық, қайғылы оқиға 30 шілде күні сағат 13:00 шамасында болған. Әйел екі кішкентай баласын 5-қабаттағы пәтерінің терезесінен лақтырып, артынан өзі секірген. Сол күні кіші ұлына шұғыл ота жасалып, бір бүйрегі алынды. Операция кезінде оның жүрегі тоқтап қалған, алайда дәрігерлер баланы аман алып қалған еді. Алайда 1 тамыз күні кешке сәбидің жүрегі қайта тоқтап, қайтыс болды.
Үлкен ұлы аман қалды. Екі аптадан соң дәрігерлер оны ауруханадан шығарды. Мамандардың айтуынша, оған кем дегенде бір жылдық оңалту қажет.
Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.









