Қазақстандық өнерпаз Димаш Құдайберген атқарушы продюсері болған «Voice Beyond Horizon» музыкалық жобасының алғашқы эпизоды Қытайда телерейтингтің көшін бастады. Бұл туралы Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Ақпаратқа сәйкес, жоба эфирге шыққан сәттен бастап көрермендер арасында жоғары қызығушылық тудырған.
Алғашқы шығарылымның қытайлық стримингтік платформалардағы тікелей көрсетілімдерінің жиынтық көрілімі 102 миллионнан асты.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жобаға қатысты 143-тен астам ең көп талқыланған тақырып тіркелген.
Музыкалық жобада алты елден келген сегіз әртіс өнер көрсетіп, әртүрлі жанр мен бағыттағы шығармаларды ұсынған.
Димаш Құдайбергеннің ресми сайтында хабарланғандай, жоба қатысушыларының өнері түрлі мәдениеттердің музыкалық үндестігін көрсетуге мүмкіндік берген.
Жоба авторлары «Voice Beyond Horizon» бастамасының негізгі мақсаты — мәдени алмасуды дамыту және Ұлы Жібек жолы кеңістігіндегі музыкалық дәстүрлерді кеңінен таныту екенін атап өтеді.
Музыкалық жоба алдағы уақытта да телевизиялық маусым аясында эфирге шығуын жалғастырады.









