Әлем жұлдызы Дженнифер Лопестің Астана мен Алматыда өткен концерттерінен Қазақстан қазынасына түсетін нақты сома салық декларациясы тапсырылғаннан кейін белгілі болады, деп хабарлайды Sona.kz Үкіметтегі баспасөз мәслихатына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, концертті ұйымдастырушылар алдын ала 400 миллион теңге кіріс түседі деп хабарлаған. «Салық декларациясын тапсыру мерзімі – 25 қараша, одан кейін 25 күн ішінде төлеуі керек. Нақты соманы содан кейін көреміз», – деді ол.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, мұндай мәдени іс-шаралар ел экономикасына оң әсер етеді. Мәселен, Астанадағы концертке 5 мыңға жуық, Алматыдағы концертке шамамен 7 мың турист келген. «Бір турист кем дегенде 1 мың доллар жұмсайды. Бұл қонақ үйлер, мейрамханалар және қаланы аралауға кеткен шығындарды қамтиды», – деді министр.
Ведомство өкілдері салық түскеннен кейін концерттің нақты экономикалық әсерін салыстырып бағалайтынын мәлімдеді.









