Филиппинде табиғи апаттар жалғасуда. Себу провинциясында болған магнитудасы 6,9 жер сілкінісінен 22 адам көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz The Guardian-ға сілтеме жасап.
Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Бого қаласынан 17 шақырым жерде болды. Қираған ғимараттардың астынан аман қалғандарды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Жолдар мен үйлер қирады, электр желілері мен су жүйесі істен шыққан.
Билік дерегінше, Сан-Ремихио қаласында алты адам, оның ішінде үш жағалау күзетшісі, бір өрт сөндіруші және бала қаза тапты. Қайталанған дүмпулер мен қараңғылық құтқару жұмыстарын қиындатуда.
Сонымен қатар, елді бір апта ішінде үшінші тайфун шарпыды. CGTN дерегінше, Филиппинде соңғы үш тайфуннан қаза тапқандар саны 37-ге жеткен.
Филиппин Тынық мұхиттағы «От белдеуі» аймағында орналасқандықтан, мұнда жиі жер сілкінісі мен жанартау атқылауы тіркеледі. Елге жыл сайын шамамен 20 тайфун мен дауыл соғады.









