Талғар аудандық сотында «Хуторлықтар» ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы ретінде аталып жүрген Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралуда, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сот отырысының басында судья Айнагүл Тұқубаева жәбірленуші мен басқа да қатысушылардың жауаптарын жариялауға сот тергеуі аяқталғанға дейін шектеу қойды. Оның айтуынша, бұл шешім әлеуметтік желілерде алдыңғы мәліметтердің жариялануы куәлардың болашақтағы жауаптарына әсер етпеуі үшін қабылданған.
Журналистер сот залынан шығарылып, оларға баспасөз орталығынан онлайн-трансляция ұсынылды. БАҚ өкілдері қатысушылардың тізімі қолжетімсіз екенін айтып наразылық білдірген. Кейін соттың баспасөз қызметі толық тізімді ұсынып, Қасымбаевтың бес қорғаушысы бар екені анықталды.
Қылмыстық іс аясында адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қорқытып алу фактілері қаралуда. Жәбірленушілер ретінде ММА спортшысы әрі бапкер Арман Алимов және Арипжан Тәжіев танылды. Прокурор Алимов алған жарақаттарға қатысты сараптама қорытындысын оқып берді. Ал Қасымбаев өз кінәсін мойындаған жоқ.
Айта кетейік, Қасымбаев 2024 жылғы 5 қарашада қамауға алынған. Оның есімі Талғарда болған Шерзат Болаттың өліміне қатысты істе де аталған еді.









