Қасымбаевқа үш бап бойынша айып тағылған: адам ұрлау, ауыр дене жарақатын келтіру және бопсалау. Онымен бірге тағы бес адам сот алдында отыр. Жәбірленушілер — ММА жауынгері Арман Алимов пен кәсіпкер Арипжан Тажиев.
Соңғы сөзінде Қасымбаев өзіне тағылған айыпты жалған және дәлелсіз деп атады.
«Бұл істі қоғамды тыныштандыру үшін ойлап тапты. Менің кінәмді дәлелдейтін еш айғақ жоқ. Барлығы Алимовтың сөзіне ғана сүйенеді, ал ол есірткіге тәуелді әрі бұрын сотталған», — деді ол.
Оның айтуынша, оны «Хутор» тобы мен Шерзат Полат ісімен байланыстыру – негізсіз.
«Мені резонанс үшін соттап жатыр. Мен заң алдында да, Алла алдында да арым таза. Соттан әділ шешім шығаруды сұраймын», — деді айыпталушы.
Басқа айыпталушылар да Қасымбаевты қолдап, оны ақтауды өтінді. Кейбірі тергеуге сенбейтінін және айыптаулардың ойдан шығарылғанын айтты.
Сот ғимараты алдында ондаған адам айыпталушыны қолдап жиналды. Оқиға орнында полиция мен жедел жәрдем қызметі кезекшілікте тұрды.
Прокурор бұған дейін Қасымбаевқа 15 жыл түрме жазасын, ал өзгелерге — 9-22 жыл аралығында жаза сұраған. Үкім жақын күндері жариялануы мүмкін.









