Алматы облысының полиция департаменті 2 қараша күні Хасан Қасымбаевтың уақытша ұстау изоляторына қамалғанын растады. Белгілі болғандай, 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген. Қылмыс 2021 жылдың 17 маусымында жасалған.
Анасы мен әйелі әділетті шешім сұрап, президентке үндеу жолдады
Бүгін Хасан Қасымбаевтың анасы Гүлнәр Нұракимова және жары Зүлфия Қасымбаева мен ауылдастары Алматы облысының полиция департаментіне келді. Анасы баласының қамауда жазықсыз отырғанын жеткізді.
«Менің баламды екі күннен бері кінәсіз қамап отыр. Не үшін? Соның анық-қанығын білуге келдім. Айтсын соның бәрін. Екі айдан бері тергеді. Ешқандай кінә таппады. Шерзат Болаттың өліміне қатысы бар деп, неше мәрте сұрау алды. Енді, міне 2021 жылы болған оқиғаға баламды қатыстырып отыр. Оған дәлелі болса, дәлелдеп берсін. Заңсыз жазықсыз қамап қойды. Ол жеке кәсіппен айналысады. Үш баласы бар. Ана баласы үшін күйеді. Өз баламды білемін. Мен ондай бала тәрбиелеген жоқпын. Ол ауырып, ота жасауға дайындалып жүрген. Система алып жатқан жерінен шақырған соң кеткен еді. Бүгін баламды алмай бұл жерден кетпеймін», – деді анасы. Сондай-ақ, Хасан Қасымбаевтың анасы президент Қ.Тоқаевтың атына үндеу жолдап, баласының ісін әділетті шешуді сұрады.
Ал Хасан Қасымбаевтың жары Зүлфия Қасымбаева: «Талғарда қайтыс болған жасөспірімнің ата-анасына көңіл айтамын. Бірақ оның әкесі неге бұл өлімге менің күйеуімнің қатысы бар деп мәлімдейді? Оған дәлелі бар ма?
Сол бала қайтыс болғалы біздің отбасымызға тыныштық жоқ. Оны ұстаған жоқ. Өз аяғымен барды. Ол ешқайда қашқан жоқ. Қандай негізге сүйеніп қамауға алды? Оған қалай қара күйе жақты, солай ақтап берсін. 2021 жылғы іске қатысы болса, неге сол кезде ұстамады? Бұл іс бойынша адамдар сотталды ғой», – деді.
Рысқұлов ауылының тұрғындары: «Хасан жетім-жесірге көмектесетін»
Рысқұлов ауылы тұрғындарының жігіттер төрағасы Қайрат Айтжанов Хасан Қасымбаевтың қандай жігіт екенін айта келе: «Біздің ауылды бәрі жамандап бітті. Рысқұлов ауылында 8 мыңдай халық тұрады. Тіпті, ауылдың кемпір-шалдары автобус жалдап келейін деген. Ауылдың атынан өзім келіп тұрмын.
Хасан үш-төрт жігітпен бірігіп, цемент зауытын ашқан. Кішігірім мал шаруашалығы бар. Бәрі ұйымдасып мектепке керек-жарақты әперіп, жетім-жесірге көмектеседі. Енді «Түймедейді түйедей» етіп шығарды. Істің ақ-қарасын ашып, айтсын. «ОПГ-шник» керек болды ма? Бұлар бәрін кино жасап жіберді ғой. Хасан ешқайда қашып жүрген жоқ. Шақырған кезде барды. Кінәлі адам болса, солай ете ме? Үйінде отырып «Хасан бәрін ақшамен сатып алады» дейтіндер бар.
Сатып алғыш болса, інісі істі болғанда неге шығарып алмады? Өз еңбегімен күн көріп жүрген таза жігіт. 4 жыл бұрынғы іс бойынша сот өтіп, төрт-бес адам сотталып кетті. Сол кезде сот не қараған?», – деді өз пікірінде.
«Бір отбасына бағып отырған азаматты қалай қамап тастайды? Бала кезден білеміз. Осы күнге дейін біреуге көмектескеннен басқа бір жаман әрекетін көрген емеспіз. Кінәлі болса, өз аяғымен келмейді ғой. Хасанды танитындар жақсы біледі, ал танымайтындар аузына келгенді айта береді. Ауылдан 500 адам жиналып, «жолды жабамыз» деп еді, бәрін тоқтаттық. Керек емес дедік. Енді құқық қорғау өкілдері қамалған балаларға «Хасанға қарсы түсініктеме берсеңдер, жазаларыңды жеңілдетеміз деп айтып жатыр екен», – дейді Рысқұлов ауылынан келген тұрғындар.
Қабдуалиевтің жауабында не айтылды?
Бұдан кейін ішке енген Хасан Қасымбаевтың туыстары мен ауылдастарына Алматы облысы Полиция департаментінің тергеу ісі бойынша орынбасары Мәлік Қабдуалиевтің қылмыстық іс бойынша түсініктеме беретіні айтылды. Алайда, туыстары «Осында келіп, бәрінің көзінше айтсын» деген талап қойған соң, Мәлік Қабдуалиевтің өзі шыққан. Бірақ жиналғандар оған сөз бермей, жан-жақтан пікір қысымына алды. Дегенмен, Қабдуалиевтің де жауабында нақтылық болмады.
«Әзірге уақытша қамау изоляторында болады. Бүгін шығара алмаймыз. Іс материалы Қонаев қаласындағы тергеу сотына жіберілді. Кінәсі бар ма, жоқ па, оны сот шешеді» деп қысқа қайырды Қабдуалиев. Оған журналистер «Егер Хасан Қасымбаев 2021 жылғы іс бойынша қамауға алынса, неге сол кезде қамалмады?» деген сауал қойғанда бұл туралы ақпаратты айта алмайтынын, себебі тергеу құпиясы сақталатынын жеткізді.
Айта кетейік, Алматы облысы полиция департаментінің таратуынша, 2021 жылғы маусымда А. есімді азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, сол кісіні ұрлады деген күдікпен бес азамат ұсталған. Олар Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен сотталып, қазіргі уақытта жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеуде. «Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде, жоғарыда аталған қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 2024 жылдың 2 қарашасында Қ. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстардың барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жалғасуда. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді», – деді полиция департаментінен.