Ведомство мәліметінше, тексеру барысында қызметтік тәртіптің өрескел бұзылуы, сондай-ақ бақылаудың әлсіздігі мен жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер анықталған, деп хабарлайды Sona.kz ZTB.NEWS-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрінің бұйрығымен Атырау қалалық полиция басқармасының бастығы уақытша қызметінен шеттетілді. Сонымен қатар облыстық департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен есірткі құқық бұзушылықтарына қарсы іс-қимыл басқармасының жетекшілеріне қатысты да осындай шара қолданылды.
ІІМ бұл шешім тексеру шаралары толық аяқталғанға дейін және аталған бөлімшелердің қызметіне баға берілгенге дейін қабылданғанын нақтылады.
Бұған дейін жергілікті БАҚ-та Астанадан басталған ауқымды тексеру туралы ақпарат тараған болатын. Оның себебі ретінде өңірлік полиция жұмысының ұйымдастырылуына қатысты мәселелер аталған.
Министрлікте мұндай қызметтік тексерулер барлық аумақтық бөлімшелерде тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.
Тексеру қорытындысы бойынша қосымша тәртіптік шаралар қолдану мәселесі әзірге нақтыланбады.









