Ақмола облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті Көкшетау қаласындағы инженерлік желілер мен абаттандыру нысандарының құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша ауқымды тергеу жүргізуде. Мәселе 2020 жылы Көкшетау қалалық құрылыс бөлімі мен «TAU PROJEKT» және «СЭМ-СтройЭнергоМонтаж» ЖШС арасында жасалған келісімшарттарға қатысты болып отыр.
Тергеу мәліметтері бойынша, мердігер ұйымдардың бенефициары орындалмаған немесе ішінара ғана атқарылған жұмыстар туралы жалған мәліметтерді қабылдау құжаттарына енгізу арқылы жұмыс көлемін асыра көрсетуді ұйымдастырған. Іс жүзінде су бұру жүйесінің негізін қалау, арық блоктарын орнату және кәріздік-сорғы станциясын жеткізу сияқты маңызды жұмыстар мүлдем атқарылмаған.
Осы заңсыздықтарға қарамастан, Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы жұмыстардың жобалық шешімдерге сәйкес келмейтінін біле тұра, жалған актілерге қол қойып, қаржыландыруды тоқтатудың орнына бюджет ақшасын мердігерге аударып отырған. Кейіннен бұл қаражатты заңдастыру мақсатында «MAZHERUS» және «Tamila Invest» секілді бақылаудағы кәсіпорындар арқылы қайта бөлінген. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 160 миллион теңгеден асып жығылды. Қазіргі уақытта сот санкциясымен күдіктілердің 10 автокөлігі, 3 жер учаскесі мен пәтері қамауға алынды. Күдіктілерге қатысты күзетпен ұстау және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары таңдалды.
Тергеу жалғасуда, ал өзге ақпарат жария етуге жатпайды.









