Алматы халықаралық әуежайында Пхукеттен ұшып келген 42 жастағы шетелдік ұсталды. Оның сөмкесінен есірткі табылды, деп хабарлайды Sona.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ дерегінше, жолаушының жүгінен жалпы салмағы 3 келіден асатын кептірілген марихуана салынған алты пакет анықталған. Тергеу мәліметіне сай, ол Бангкокта бейтаныс адамдардан сыйақы үшін жүк алып, оның құрамын тексермей Қазақстанға жеткізген.
Полиция азаматтарды бөтеннің затын тасымалдаудан бас тартуға шақырды. Мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке, соның ішінде ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ әуежайларда күмәнді жағдайға тап болған жолаушыларға бірден полицияға жүгіну ұсынылады.









