Қостанайда күйеуінің опасыздығын дәлелдемек болған әйел керісінше алаяқтардың торына түсті, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.
Әйел Instagram желісінен өзгенің чаттарын «ашып беретін» қызмет туралы жарнаманы көрген. Сілтеме оны Telegram-дағы жеке аккаунтқа апарып, өзін Полина деп таныстырған оператор күйеуінің хат-хабарларын «оқып беру» қызметін ұсынған.
Қызмет құны ретінде алдымен 26 мың теңге талап етілген. Ақша аударылғаннан кейін алаяқтар «мәлімет көлемі үлкен, ішінде фото мен видео бар» деген сылтаумен тағы 20 мың теңге сұраған. Қосымша ақша түскен соң Полина диалогты өшіріп, әйелді бұғаттап тастаған.
Полиция бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Тәртіп сақшылары азаматтарды интернеттегі күмәнді жарнамаларға сенбеуге және жеке деректерге қатысты заңсыз ұсыныстардан сақ болуға шақырады.









