Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданына қарасты Бесшоқы ауылында салынып жатқан нысандардың бірінде 20 жастағы жұмысшының қаза табуына әкелген қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq.Ruhy-на сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтер бойынша, жұмысшы алтыншы қабаттан ашық тұрған лифт шахтасына құлап кеткен. Оқиға кезінде құрылыс алаңында кранмен құм толы науа жоғары көтеріліп жатқан. Құм жоғарғы қабатта камин қалау үшін әк дайындау мақсатында жеткізілген. Науа еденге қойылған соң, жұмысшы қауіпсіз орынға шегінбек болып, тепе-теңдігін жоғалтып алған.
Маңғыстау облыстық еңбек инспекциясы басқармасының өкілі Бауыржан Кемаловтың айтуынша, мердігер ұйым оқиға туралы бірден хабарламаған. Инспекцияға ақпарат тек полициядан түскен.
Жедел жәрдем 20–30 минут ішінде оқиға орнына жеткенімен, дәрігерлер барлық шараларды жасағанына қарамастан, жас жігіттің өмірін сақтап қала алмады.
Қайғылы оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Сарапшылар еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылу мүмкіндігін, оқиғаға әкелген факторларды және мердігерлердің жауапкершілігін зерттеп жатыр.
Қаза тапқан азамат «Сариев С.Ж.» жеке кәсіпкерлігі құрамында жұмыс істеген. Бұл кәсіпорын «AN-GroupM» компаниясы салып жатқан тұрғын үй кешеніне мердігерлік жұмыстар атқарған.









