Астанада үлестік құрылысқа азаматтардың қаражатын заңсыз тарту фактілері бойынша қылмыстық істер тергеуі аяқталды. Қалалық прокуратураның мәліметінше, материалдар сотқа жолданды. Күдіктілердің әрекеттері салдарынан 8,2 млрд теңге көлемінде аса ірі залал келтіріліп, 426-дан астам отбасының мүддесі қозғалған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, азаматтардың қаражаты «Оазис», «R-Club» және «R-ClubDeluxe» тұрғын үй кешендерінің құрылысына тиісті рұқсат құжаттарынсыз тартылған. Бұл Қазақстан Республикасының үлестік құрылыс саласындағы заңнамасына қайшы келеді.
Ведомство мәліметінше, жиналған қаражат мақсатты бағытта пайдаланылмаған, ал құрылыс жұмыстары тиісті талаптарға сай жүргізілмеген.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қамтамасыз ету мақсатында сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды. Атап айтқанда, 10 пәтер, 36 жер учаскесі, 16 коммерциялық нысан және 49 автокөлікке арест қойылған.
Іс аясында 12 күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Олардың әрекеттеріне түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.









