Батыс Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті Орал қаласында заңсыз микроқаржылық қызмет көрсету фактісі бойынша ауқымды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, «Аванс 07» ЖШС басшысы тиісті лицензиясы болмаса да, азаматтарға зергерлік бұйымдарды кепілге ала отырып, ақшалай қаражат беруді ұйымдастырған.
Бұл заңсыз әрекет «Уральск Золото» комиссиялық дүкенінің жұмысы ретінде бүркемеленген. Қарыздар комиссиялық шарттар жасасу түрінде беріліп отырған, ал несие бойынша пайыздар зергерлік бұйымдарды сақтау қызметі үшін төлем ретінде рәсімделген.
Осындай заңсыз схеманың нәтижесінде ломбард 2 000-нан астам қарыз беріп үлгерген. Қылмыстық жолмен алынған табыстың жалпы сомасы 128 миллион теңгеден асты. Қазіргі уақытта соттың санкциясымен күдіктінің автокөлігіне, сондай-ақ 6 миллион теңге көлеміндегі қолма-қол ақшасына қамау қойылды. Тергеу органдары заңсыз қаржылық қызметтің барлық егжей-тегжейін анықтауды жалғастыруда. Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды күмәнді ұйымдардан қарыз алмас бұрын олардың лицензиясын тексеруге шақырады.









