Павлодар облысында үш жасар қыздың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Әкесіне «бала өлтірді» деген күдік тағылды, деп хабарлайды Sona.kz HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.
20 қыркүйекке қараған түні Тереңкөл орталық аудандық ауруханасына ауыр жарақат алған бала жеткізілген. Дәрігерлер оның желке сүйегінің жабық сынығын, қасы тұсындағы жараны, денесіндегі көптеген көгерген іздер мен жарақаттарды анықтаған. Баланың жағдайы өте ауыр болған. Реанимациялық шараларға қарамастан, ол көз жұмды.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті — баланың әкесі. Оның мас күйінде болып, қызын еденге екі рет соққаны айтылуда. Отбасында тағы төрт айлық нәресте бар.
«Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 3-бөлігі (Кәмелетке толмағанды өлтіру) бойынша іс қозғалды. Күдікті ұсталып, ИВС-ке қамауға алынды», — деді балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сауле Шәкенова.
Полиция да іс қозғалғанын растады. Тергеу барысында оқиғаның мән-жайы анықталмақ.









