Павлодарда 4 жасар бала сауда орталықтарының біріндегі ойын алаңында биіктен құлап кеткен. Кішкентай бала жіп торларда өрмелеп жүріп, 5 метр биіктіктен жерге қарай құлап түскен.
«Бүгін, 12 қаңтарда сағат 13.00- де 4 жасар баламыз Әмір «Батыр Молл» орталығындағы «Викинг Лэнд» ойын алаңында 5 метр биіктіктен құлап кетті. Әмір екі бауырымен бірге ойнап жүрген. Атасы сыртта күтіп отырған. Ол жерге үлкендердің кіруіне болмайды. Баламның аузы-басынан қан кетті, қатты қорқып қалған. Ортаншы ұлымда құлап қала жаздап, аяғы ілініп аман қалған. Фото мен видео айғақтар бар. Сол жерде жедел-жәрдем мен полицияны шақырдық. Облыстық ауруханаға бардық. Ұлым басынан жарақат алды, тексеріліп жатырмыз. Кінәлілерді жазалауды сұраймыз. Балалар ойнайтын алаңның қауіпсіздігі сақталға тиіс», – деп жазды баланың анасы.
Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл Сәуле Шәкенова жағдайды жеке қарауына алғанын хабарлады.
«Мен баланың анасымен байланыстамын. Қазір олар облыстық балалар ауруханасына жатты, дәрігерлердің бақылауында», – деп пікір білдірді уәкіл.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бала жазылған соң, сот-медициналық сараптама тағайындалады, оның нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады. Сондай-ақ, тексеру аясында жауапты тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.