Павлодарда анасымен бірге бесінші қабаттан лақтырылып кеткен 7 жастағы бала облыстық балалар ауруханасынан шықты. Оны әкесі үйіне алып кетті, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Дәрігерлердің айтуынша, балаға ұзақ уақыттық оңалту қажет. Ол ауруханада екі аптаға жуық, соның ішінде бір тәулікке жуық жансақтау бөлімінде болған. Қазір жағдайы қанағаттанарлық, бірақ бір ай бойы қатаң төсек режимін сақтауы керек. Толық қалпына келу үшін тұрғылықты жеріндегі оңалту орталығында шамамен бір жыл ем алады.
Дәрігерлер баланың жүру дағдысы сақталғанын, алайда жамбас сүйегінің жарақатынан кейін алғашқы уақытта жүрісі тұрақсыз болатынын атап өтті. «Денсаулығына қатысты болжам оң», – деді мамандар.
Өз балаларын лақтырып, кейін өзі де секіріп кеткен ананың жағдайы әлі ауыр. Бұған дейін оған өкше сүйектеріне ота жасалған. Денсаулығының ауырлығына байланысты бұлтартпау шарасы таңдалмаған, алайда палата жанында тәулік бойы полицейлер күзетуде.









