Петропавлда ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы басшысының бұрынғы орынбасарына үкім шықты. 36 жастағы Ерболат Қаптаев сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, Қаптаев қаладағы белгілі рецидивист Руслан Нагумановпен байланыста болған. Тергеу оның қылмыскерден сыйлықтар мен төлемдер алғанын, ал есесіне тінтулер туралы алдын ала хабарлап, қылмыстық жауапкершіліктен құтылуына көмектескенін анықтады.
Нагуманов былтыр алаяқтық және бұзақылық үшін жеті жылға сотталған. Қаптаев айыбын мойындамай, қарым-қатынас тек қызметтік сипатта болғанын айтты. Дегенмен сот куәгерлердің айғақтары мен жазбаларды дәлел ретінде қабылдады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.









