Президент Жапонияға жасаған сапары аясында Токио қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық мегаполистегі азаматтық қорғаныс пен қауіп-қатерлердің алдын алу жүйесінің негізгі буыны болып саналады, деп хабарлайды Sona.kz Aqorda-ға сілтеме жасап.
Орталықтың басты міндеті қаладағы жағдайды тәулік бойы бақылау, ықтимал қатерлерді талдау және төтенше жағдай туындаған кезде мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру.
Ахуалдық орталықта жер сілкінісі, тайфун, су тасқыны, ірі техногендік апаттар мен лаңкестік қауіптерге қатысты ақпарат жиналып, жүйеленеді. Осы деректер негізінде дағдарыс жағдайында жедел басқару шешімдері қабылданады.
Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылады. Бұл бағытта тәулік бойы мониторинг жүргізетін арнайы бөлімше жұмыс істейді.
Күнделікті қызмет аясында орталық дағдарыс жағдайларын басқару жүйелерін жоспарлау және жетілдірумен, азаматтық қорғаныстың өңірлік жоспарларын әзірлеумен, оқу-жаттығуларды дайындау және өткізумен, сондай-ақ халықты құлақтандыру және төтенше жағдай салдарын жоюға арналған ақпараттық жүйелерді дамытумен айналысады.









