Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық істің басты сот талқылауы басталды. Күйеуі Айбар Жанболат бұл іс бойынша күдікті ретінде танылған, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform- ға сілтеме жасап.
Іс алғашында ҚР ҚК-нің 106-бабы («Абайсызда адам өліміне әкелген ауыр денсаулыққа зиян келтіру») бойынша қозғалған еді. Кейін тергеу материалдары қайта бағаланып, айып ҚР ҚК-нің 99-бабы («Қасақана адам өлтіру») бойынша өзгертілді.
Жәбірленуші тарап сот процесін онлайн көрсетуді ұсынды. Алайда судья отырыс ашық өтетінін, бірақ онлайн трансляция жүргізілмейтінін хабарлады.
Прокурор оқиғаның жай-жапсарын баяндады
Сотта прокурор Нұрлан Билібеков айыптау актісін оқып, жанжалға ерлі-зайыптылар арасындағы қызғаныш себеп болғанын мәлімдеді.
2025 жылдың маусым айының басында Айбар Жанболат жұбайының телефон арқылы біреумен сөйлескенін көріп, қызғаныш туындаған. Даудың соңы екі тараптың телефондарын сындыруға, кейін ұзаққа созылған ренішке ұласқан.
Осыдан кейін 21 маусым күні күйеуі шаруамен тауға кетіп, кешкі уақытта үйге оралған. Үйге кіреберісте Айзаттың қайтадан біреумен сөйлесіп тұрғанын көрген күдікті дүкеннен алкоголь алып ішкеннен кейін қызғаныш әсерінен әйелін өлтіру туралы ойға келген.
Айыптау актісіндегі қорытындылар
Айыптау актісіне сәйкес, сол түні Айбар Жанболат алкогольдік масаң күйде әйелін ауыр соққыға жыққан. Айзат жылап, оған тоқтауды өтінгенімен, күдікті соққы беруді жалғастырып, оның өмірлік маңызды мүшелеріне бірнеше мәрте ауыр соққы жасаған.
Күйеуі әйеліне медициналық көмек көрсетпеген, жедел жәрдем шақырмаған. Тек бірнеше сағаттан кейін ғана Айзатты облыстық ауруханаға жеткізген. Жұманова алған жарақаттар салдарынан есін жимастан көз жұмды.
Сараптама нәтижелері
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, Айзат Жұманованың өлімі бас миының ісінуі мен қан құйылуы салдарынан болған ауыр жабық бас-ми жарақатынан туындаған.
Комиссиялық сараптама оның денесінде жылқы, көлік немесе адамның сүйретуі арқылы пайда болатын жарақаттар тіркелмегенін көрсетті. Сонымен қатар марқұмнан жүктілік белгілері де табылмаған.
Сот талқылауы жалғасып жатыр.








