Қарағандыда есірткі заттарын заңсыз айналымға түсіру және контрабанда фактісі бойынша сот үкімі шығарылды. Қылмыстық істі тергеуді Қарағанды облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті жүргізді, ал іс Құрылыс прокуратурасының басшылығымен үйлестірілді, деп хабарлайды Sona.kz afm.rk-ға сілтеме жасап.
Тергеу материалдарына сәйкес, колледж студентінің бірі Telegram мессенджері арқылы «куратормен» байланысып, «курьер-тауар қалдыратын» және «қойма» қызметтерін атқаруға келіскен. Оның міндетіне есірткі заттарын берілген координаттар бойынша қабылдау, сақтау, таратуға дайындау, тасымалдау және қала аумағында «тайник» орналастыру кірген. Тергеу мәліметтері бойынша, ол күн сайын шамамен 30 «закладка» жасаған.
Сонымен қатар, күдікті Тайландтан халықаралық пошта арқылы есірткі жіберуді ұйымдастырған. Жеткізу үшін ол Telegram арқылы кәмелетке толмаған «дропперді» тартқан, посылканы оның атына рәсімдеп, 400 мың теңге көлемінде сыйақы беруге уәде еткен.
Посылка алынған сәтте күдікті ұсталған. Оперативтік іс-шаралар барысында 909 грамм каннабис экстракты тәркіленді. Үйінде жүргізілген тінту кезінде қосымша 80 грамм есірткі табылып, алынды.
Ұялы телефонды тексеру барысында күдіктінің алдын ала бірнеше «закладка» орналастырғаны анықталды. Берілген координаттар бойынша тағы 3,34 грамм каннабис экстракты тәркіленді.
Сот күдіктіні кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.









