Қарағандыда логопедтің сабақ үстінде баланың басынан ұрғаны бейнежазбаға түсіп қалуына байланысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Оқиға баласын алып кетуге келген әкенің кабинет есігіндегі шағын терезе арқылы сабақ процесін видеоға түсіріп алуынан кейін анықталған, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.
Баланың анасының айтуынша, олар бұл маманға бір жыл бойы барып жүрген, бұрын ешқандай шағым болмаған. Жазбаны көрген ата-аналар логопедтің мұндай әрекетке барғанын күтпегенін айтты.
Әлеуметтік желідегі жазбадан кейін басқа ата-аналар да ұқсас жағдайлар туралы пікір қалдырды. Бірнеше клиент балаларының сабақта дөрекілікке шағымданғанын хабарлады. Кейбірі баласы сабаққа барудан бас тартып, педагогтың бетінен ұрғанын көрсеткенін жазды.
Пікірлерде кей ата-аналар бұған дейін балалардың сөзін елемегендерін, ал видео жарияланған соң айтылған шағымдарға қайта қарауға мәжбүр болғандарын айтты.
Ата-аналардың мәліметінше, олар педагогтың әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етпек. Оқиғаға қатысты ресми процессуалдық ақпарат әзірге жарияланған жоқ.









