Қаржылық мониторинг агенттігі-нің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік, күш қолдану арқылы өз бетінше әрекет ету және алаяқтық фактілері бойынша тергеуді аяқтады. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Тергеу мәліметінше, 2013 жылдан 2025 жылға дейін күдікті жеке және заңды тұлғаларға тиісті лицензиясыз пайызбен қарыз беріп отырған. Қарыздар мүлік кепілдігімен рәсімделген.
Келісімдерге заңдылық сипатын беру үшін шарттарда нақты берілген сомадан әлдеқайда жоғары сома көрсетілген. Ол сомаға алдын ала есептелген сыйақылар енгізілген.
Ай сайынғы сыйақы мөлшері қарыз сомасының 5–10%-ын құраған, бұл жылдық есепте 60–120%-ға тең. Сондай-ақ қарыздарды жасыру және қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында мүлікті жалған сатып алу-сату шарттары жасалған.
Заңсыз қызметтен түскен қылмыстық табыс 1,8 млрд теңгеден асқан. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті қарыз алушыларға жүйелі түрде психологиялық қысым көрсетіп, күш қолданған.
Сонымен қатар ол сотқа жүгініп, бірдей 11 млн теңге сомасын әртүрлі құжаттар негізінде екі рет өндіріп алғаны анықталған. Бұл ретте міндеттемелердің орындалғаны туралы мәліметтер сотқа әдейі ұсынылмаған.
Сот санкциясымен жалпы құны 1,1 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Оның ішінде екі пәтер, екі тұрғын үй, жер телімі және «LAND ROVER RANGE ROVER», «HYUNDAI STARIA» автокөліктері бар. Күдікті қамауға алынды.









