Қазақстан құрамасы алғаш рет жаңа халықаралық федерация World Boxing аясында Ливерпульде өткен әлем чемпионатында командалық есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Sona.kz.
Ұлттық құраманың еншісінде барлығы 10 медаль бар: оның ішінде 7 алтын, 1 күміс және 2 қола. Жақын бәсекелестер қатарында Өзбекстан мен Үндістан құрамалары болды.
Әлем чемпиондары қатарында — Санжар Тәшкенбай, Махмұд және Торехан Сабырхандар, Айбек Оралбай, Алуа Балкибекова, Аида Әбикеева және Наталья Богданова. Күмісті Назым Қызайбай жеңіп алды, ал қола жүлде Виктория Графеева мен Ельдана Тәліповаға бұйырды.
Бұл тарихи жеңістің маңызы зор: Ливерпульдегі чемпионат — Халықаралық олимпиадалық комитеттің World Boxing ұйымын ресми мойындағаннан кейін өткен алғашқы дүбірлі дода. Бұл шешімнің арқасында бокс Олимпиада ойындары бағдарламасында сақталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрамаға жеңісімен құттықтау жолдап, бұл жетістік Қазақстанның әлемдік спорттағы беделін нығайтатынын атап өтті.









