Қазақстандық CPC Blend мұнай сұрпы наурыз айында Еуропадағы шикізат тапшылығы аясында айтарлықтай қымбаттады. Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен жеткізілімдегі іркілістер еуропалық және Жерорта теңізі аймағындағы мұнай өңдеу зауыттарын баламалы нұсқалар іздеуге мәжбүр етті. Трейдерлердің мәліметінше, наурыз-сәуір айларында жөнелтілетін CPC Blend партиялары өткен аптада Brent маркасына қатысты 1–2 доллар сыйлықақымен саудаланған. Айта кетерлігі, бұған дейін қазақстандық мұнай әлемдік эталоннан 5 долларға дейін арзан бағамен сатылып келген болатын.
Сұраныстың артуына қарамастан, Каспий құбыр консиорциумы (КҚК) арқылы экспорттау процесі әлі де тұрақсыз болып қалуда. Жеткізілімге қолайсыз ауа райы жағдайлары, дрондардың шабуылдары және Теңіз кенішіндегі өндіріс көлеміне қатысты мәселелер өз әсерін тигізіп отыр. Нарық қатысушылары CPC Blend сұрпының Жерорта теңізі өңдеушілері үшін негізгі шикізат екенін, бірақ оның экспорты геосаяси тәуекелдерге тығыз байланысты екенін атап өтті. Сарапшылардың болжамынша, Таяу Шығыстағы жағдай тұрақталғанша қазақстандық мұнайға деген жоғары сұраныс пен бағаның құбылмалылығы сақталады.









