Қазақстан халықаралық әуе қатынасын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ICAO кеңесінің төрағасы Сальваторе Шаккитаномен кездесуде мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір еліміз 30-дан астам мемлекетпен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Енді Нью-Йорк, Токио және Сингапур бағыттарында жаңа тікелей рейстерді іске қосу жоспары бар.
«Өткен жылдан бастап Монреаль қаласында ICAO жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігі жұмыс істеп тұр. Ал 2024 жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа әуежай терминалдары пайдалануға берілді. Алматы әуежайының өткізу қабілеті алты есеге — жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін ұлғайды», — деді Президент.
Сондай-ақ кездесуде азаматтық авиацияны дамытуға арналған мастер-жоспардың маңыздылығы атап өтілді. Бұл құжат саладағы ұзақмерзімді стратегияның негізіне айналмақ.
ICAO басшысы Қазақстанның авиация саласындағы ілгерілеуін жоғары бағалап, тұрақтылықты, даму қарқынын және нақты институционалдық құрылымды ерекше атап өтті.
Айта кетейік, 2025 жылы қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары ондаған жаңа бағыт ашуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Дананг және Каир бар. Билік өкілдері мұндай бәсекенің өсуі билет бағасын төмендетіп, жолаушыларға көбірек таңдау ұсынады деп сенеді.