«Жеңіс» клубының 19 жастағы футболшысы Виктория Кайсаринова Павлодар облысында жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Байет ауылы маңында орын алды. Жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысып, өртеніп кеткен. Салдарынан бес адам, оның ішінде футболшы қыз да, қаза болды.
Клубтың баспасөз қызметі апатқа жүргізушінің қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болғанын мәлімдеді.
«Бүгін Павлодар – Астана тас жолында команда ойыншымыз Виктория Кайсаринова жол апатынан қаза тапты. Жүргізуші қашықтықты сақтамай, қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, ауыр жағдайға алып келді», – делінген мәлімдемеде.
Қазақстан футбол федерациясы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Жас болса да, Виктория еңбекқорлығымен, футболға адалдығымен көзге түсті. Оның өмірден ерте кетуі – жақындары, достары, әріптестері және Қазақстан футбол қауымдастығы үшін орны толмас қаза», – делінген КФФ хабарламасында.
Әлеуметтік желілерде жанкүйерлер мен спортшылар қайғырып жазбалар қалдыруда. Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы Самат Смақов: «Иманды болсын» деп жазды. Ал марқұмның анасы Олеся Кайсаринова клубтың парақшасында: «Қызым-ай, неге соншалықты ерте тастап кеттің?» – деп жазды.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың жазында Португалия құрамасының және «Ливерпульдің» ойыншысы Диогу Жота да жол апатынан қаза тапқан болатын.









