«НК „ҚазАвтоЖол“» акционерлік қоғамында ішкі талдау жүргізіліп, жол саласындағы жобаларды іске асыру кезінде жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл туралы компания басқармасының төрағасы Дархан Имашев Үкіметтегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, тәуекелдер үш негізгі кезеңде байқалған: мердігерді таңдау, жобаны жүзеге асыру және аяқталған нысандарды қабылдау.
2024 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қауіпсіздік қызметі бірқатар бұзушылықтарды анықтаған. Тексеру нәтижесінде 48 техникалық қадағалау маманы жауапкершілікке тартылды: оларға айыппұл салынды, кейбірі учаскеден шеттетілді, материалдар уәкілетті органдарға жіберілді.
Сонымен қатар компания 85 талап-арыз беріп, бірқатар мердігерлерді қара тізімге енгізуді сұраған. Әрбір іс бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жалпы алғанда, 124 қызметкер түрлі тәртіптік жазаға тартылды, шамамен 10 адам жұмыстан босатылды, оның бесеуі теріс себептермен.









