Ақтөбе қаласында Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі тұрғын үйлердің ауласынан сөмкеге салынған мәйіттің табылуына қатысты қылмыс ашылды. Тәртіп сақшылары бұл іс бойынша жергілікті тұрғынды күдікті ретінде ұстады.
Тергеу мәліметтері бойынша, екі ер адам бірге спирттік ішімдік ішіп отырып, өзара сөзге келіспей қалған. Жанжал барысында күдікті 1971 жылы туған танысына пышақпен бірнеше соққы беріп, соңынан оның денесін сөмкеге салып, қоқыс контейнерлерінің жанына шығарып тастаған.
Қазіргі уақытта ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалып, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция жанжалға нақты не себеп болғанын және күдіктінің өмір салтына қатысты өзге де мәліметтерді тергеу мүддесіне байланысты әзірге жариялаған жоқ.
Еске сала кетейік, адам шошырлық бұл оқиға 12 наурызда білім беру мекемелері мен медициналық жоғары оқу орны орналасқан халық көп шоғырланған ауданда орын алған болатын. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық егжей-тегжейін анықтауды жалғастыруда.









