Қытайдың жер сілкінісі болған аймағында құтқару жұыстары жүріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 3600-ден астам үй құлаған, үйінділердің астында қалған 407 адам құтқарылып, 30 мыңнан астам адам қауіпсіз жерлерге көшірілді, деп хабарлайды Синьхуа ақпарат агенттігі.
Естеріңізге сала кетсек. Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сицзан автономиялық ауданында болған 6,8 балдық жер сілкінісі 126 адамның өмірін қиды, тағы 188 адам жарақат алды, Гималайдың солтүстік беткейіндегі мыңдаған ауылдары бар үйлер қирады.
«Үйінділердің астында қалғандарды іздеу жалғасып жатыр. Құтқарушылар эвакуацияланғандар үшін шатырларды мүмкіндігінше тез орнатуға тырысады, өйткені бұл аймақтағы температура минус 17 градус Цельсийге дейін төмендейді деген болжам бар», — делінген ақпарат агенттігі таратқан хабарламада.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин сейсенбіде мейліне көп адамның өмірін сақтап қалу және құрбандарды барынша азайту үшін іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуге бар күшті салуды бұйырды. Өңір билігі апат аймағына 12 мыңнан астам құтқарушыны, оның ішінде өрт сөндірушілер, әскери қызметшілер мен полицейлердің кәсіби құтқарушыларын жіберді.
Қаржы министрлігі мен төтенше жағдайларды басқару министрлігі Сицзандағы апатты жою әрекеттерін қолдау үшін 100 миллион юань, шамамен 13,9 миллион АҚШ доллары бөлгенін хабарлады. Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитет жер сілкінісінен кейін қалпына келтіруді қолдау үшін 100 миллион юань жіберді.